Қонақ экскаваторға мініп кеткен
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей астанасының автоинспекциясы ұрланған жүк тиейтін экскаваторды тапты.
«28 ақпан күні «02» қызметіне Мәскеудің құрылыс ұйымдарының бірінің бас механигінен Кутузов даңғылындағы 59-үйден 01.00 кезінде экскаватор ұрланғаны жайлы арыз түскен. Шағымданған адам көлік құралының навигациялық жүйемен қамтылғанын және оның қазір Варшава шоссесінің бойындағы 91-үйдің маңында тұрғандығын хабарлаған», - деп мәлім етті ЖҚҚМИ баспасөз қызметінен.
Көп уақыт өтпей жол инспекторлары автокөлікті Кашир шоссесінің бойындағы 16-үйдің жанынан тапқан. Рульде 32 жастағы грузиялық азамат отырған.
«Жүргізуші мемлекеттік автоинспекторға берген жауабында оның абыржығаны байқалған, сондай-ақ көлік құралына тиісті құжаттары да болмай шыққан», - делінген хабарламада.