Қонақ үйді жезөкшелер ордасына айналдырған әйелге қылмыстық топ құрды деген айып тағылды

Осыдан бір ай бұрын полиция қызметкерлері Әуезов ауданындағы қонақ үйлердің бірінде жезөкшелер ордасын анықтаған болатын. Қылмыстық бизнеске 50 жастағы Лариса басшылық еткен. «Қылмыстық істі қозғауға Л.есімді азаматшаның өзі, қонақ үй қызметкерлерімен жасалған 10 қылмыстық іс түрткі болды. Негізінен - жеңгетайлық, адамды жезөкшелікке жегу, адам еркін заңсыз шектеу сынды жеке тұлға мен қоғамға қауіпті қылмыстар. Тергеу барысында қонақ үй басшысы қылмыстық істен пайда тапқанын мойындап отыр», - дейді қалалық ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы, адам саудасымен күрес бөлімінің бастығы Танат Назанов.
Полиция қызметкерінің мәліметінше Ларисаның бизнесін «өркендетуге» төрт әкімгер көмектескен. Ең үлкені 61-де, ең жасы 29-да. Олардың кінәсі тергеу кезінде дәлелденбек. «Бұл қонақ үй өзін тек жезөкшелер үйі ретінде көрсетті. Барлық нөмірлері жезөкшелердің қызметіне арналған. Ауысыммен қызмет істеген әкімшілердің міндетіне жезөкшелерді бақылау да кірген. Жеңгетайлықпен қатар олардың құзырына қаржылық түсімдерді алу да кірген», - дейді Т.Назанов.
Аталған іс бойынша тергеу жалғасуда. Шамамен екі айдан соң қонақ үй қызметкерлері сот алдында жауап береді.