Қонақ үйге жарылғыш зат қойылды деп хабарлаған азаматша құрықталды

АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Алмалы ауданындағы Төле би көшесі бойында ораналасқан қонақ үйлердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат барлық жедел көмек көрсету қызметін елең еткізді.
None
None

Бұл туралы Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

«Кешкілік 21 сағат 27 минутта Алматы қаласы ІІД Жедел басқару орталығының желісінде кезекшілікте отырған полиция сержанты Гүлсім Шыңғысоваға белгісіз бір әйел адам қоңырау шалып, қонақ үйге жарылғыш зат қойылғандығы туралы ақпарат береді. Мұндай жағдайда оқиғаның желісі жайында толық мәлімет алып қана қоймай, қоңырау шалушының тұрған жерін тез арада анықтау шапшаңдықты қажет етеді. Алайда Жедел басқару орталығының білікті қызметкерлері арқасында айналасы бірер минут ішінде қоңырау шалушының мекен-жайы анықталып полиция наряды жөнелтілді. Біздің операторымыз ақпарат беруші белгісіз әйелмен тілдесіп жатқанда «Боран-004» экипажы қоңырау келіп түскен Төле би мен Мирзоян көшелерінің қиылысына келіп жеткен болатын» - деп мәлімдеді Алматы қаласы ІІД Жедел басқару орталығының бастығы полиция полковнигі Андрей Квашнин.

Жоғарыда аталған мекен-жайға тәртіп сақшылары небәрі екі жарым минут ішінде келіп жеткен. Ал бұл уақыт ішінде Алматы облысы Іле ауданы Боралдай кентінің 33 жастағы тұрғыны қылмыс орнынан тез арада кетпек ниетте такси күтіп тұрған жерінде қолға түседі.

«Құрықталған әйел жасаған қылмысын толығымен мойындады. Оны ІІД-нің барлық мағлұматтар базасымен тексердік. Ол осыдан алты жыл бұрын бірнеше рет бұзақылық қылықтар жасағаны үшін, және жарылғыш зат қойылғаны жөнінде жалған ақпарат бергендігі үшін жазасын өтеп келген екен. Сондай-ақ тергеу амалдары барысында ол психоневрологиялық диспансерге тексеруге жіберіледі. Айта кету керек қаламыздағы жедел әрекет ету құрылымдарын жалған ақпарат беріп, дүрліктіру мемлекет қаржысына үлкен зиян келтіреді», - деп түйіндеді өз сөзін А.Квашнин.

Мәліметтер үшін: төтенше қызметтермен 40 бөлмелі бес қабатты қонақ үйді тиянақты тексеруді 21 сағат 42 минуттан 22 сағат 33 минутқа дейін жүргізді. Қауіпсіз орынға 60 адам жеткізілсе, оның 45-і қонақтар, өзгелері қызметкерлер болған. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді 30 полиция қызметкері мен 15 патрульдік автокөлік атқарған. Жарылғыш зат табылмады.

Соңғы жаңалықтар