Қонақүйлер қандай талаптарға сай болуы керек

АСТАНА. KAZINFORM — Кез-келген қонақүйде, тіпті «жұлдыз» болмаса да, санитарлық ережелер мен гигиеналық ережелердің талаптары міндетті түрде сақталуы керек.

қонақ үй
Фото: Pexels

Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мухамғали Арыспаев айтып берді. 

Маманның пікірінше, қонақүйлерде сақталуы тиіс санитарлық ережелер мен гигиеналық ережелердің талаптары төмендегідей:

· Қонақүйлер жеке тұрған ғимараттарда да, көпфункционалды ғимараттардың, көппәтерлі тұрғын үйлердің құрамында да, жертөле және жертөле қабаттарында тұрғын үй-жайларды орналастыруды қоспағанда, жеке кіреберіс орындалған жағдайда орналастырылуы мүмкін.

· Қонақүй аумағы абаттандырылып, таза ұсталуы керек.

· Нысан сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелеріне қосылады. Берілетін суық және ыстық сумен жабдықтау суы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы №ҚР ДСМ-138 бұйрығымен бекітілген «Шаруашылық-ауыз су және мәдени-тұрмыстық су пайдалану қауіпсіздігі көрсеткіштерінің гигиеналық нормативтерінің» талаптарына сәйкес келуге тиіс.

· Объектілердің суды бұру жүйелері сарқынды судың қауіпсіз ағуын көздейді. Санитариялық-техникалық желілер, құрылғылар мен аспаптар жарамды күйде болады.

· Табиғи және жасанды жарықтандыру деңгейі, сондай-ақ ауадағы зиянды заттардың құрамы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-15 бұйрығымен бекітілген «Адамға әсер ететін физикалық факторларға гигиеналық нормативтердің» талаптарына сәйкес келуге тиіс.

· Жарықтандыру аспаптары ластанудан уақтылы тазартылады, күйген шамдар ауыстырылады. Жоғары ылғалды шырақтар қорғаныш плафондарымен жабылады.

· 1 жұлдызды – 2 жұлдызды санаттағы қонақүйлердің және хостелдердің тұрғын қабаттарында сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер талаптарына сәйкес тұрғын үй-жайлар шудан қорғалған жағдайда қоғамдық мақсаттағы үй-жайларды (барлар, кафелер, буфеттер, телевизиялық қонақ бөлмелері, іскерлік кездесу бөлмелері, балалар бөлмелері және осыған ұқсас қоғамдық мақсаттағы үй-жайлар) орналастыруға жол беріледі.

· Тұрғын бөлмелерде немесе бөлмелерде ауаны баптау қамтамасыз етіледі. Қонақүйлердің ғимараттарында ауа баптау жүйесі болмаған кезде сору-сыртқа тарату желдеткішімен жабдықталады. Желдету тұрғын бөлмелерге, бөлмеге және жалпы үй-жайға бөгде иістердің кіруін бөгейтін ауа айналымын қамтамасыз етеді.

· Қонақүйлердің бөлмелері мен ортақ пайдаланылатын орындарында күн сайын ылғалды жинау және желдету жұмыстары жүргізіледі. Кілем бұйымдарының шаңы қағылады, жұмсақ жиһаздар тазартылады.

· Ванналар, унитаз отырғыштары мен қақпақтары, биде, су ағызу және дәретхана есіктерінің тұтқалары күн сайын дезинфекциялау ерітіндісімен өңделеді. Дәретханалардың унитаздары және писсуарлары дезинфекциялау ерітіндісімен өңделген арнайы щетканың (ерштердің) көмегімен дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып тазартылады және сумен шайылады және жуылады.

· Жинау мүкәммалы таңбаланады және үй-жайлардың функционалдық мақсатына қарай қолданылады, бөлінген орында (үй-жайда) сақталады.

· Дезинфекциялау үшін дайындаушының қолдану жөніндегі технологиялық нұсқаулығына сәйкес қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялау құралдары қолданылады. Дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау іс-шараларын ұйымдар нормалау құжаттарының талаптары сақталған кезде орындайды.

· Қоқыстарды жинау үшін қатты жабыны бар алаңда орнатылған контейнерлер қолданылады.

· Төсек жабындыларын, сүлгі және оларды ауыстыру реті қонақүйлер сервис деңгейіне, жабдықталуына байланысты анықталады. Пайдаланылған төсек-орын жабдығы пакеттерге (қапшықтарға) жиналады, таза төсек-орын жабдықтарын ашық күйде тасымалдау жүргізілмейді. Пайдаланылған төсек жабдықтары мен жұмыс киімдерін жуу кір жуатын орындарда немесе жуу және кептіру функциясы бар кір жуу машинасымен тікелей объектілерде жүргізіледі.

· Персонал үшін ас ішу, жеке бас тазалығын сақтау, жеке және арнайы киімдерді бөлек сақтау үшін жағдайлар көзделеді. Обьектілердің жұмыскерлері арнайы киіммен қамтамасыз етіледі.

· Жұмысқа орналасу кезінде, сондай-ақ арнаулы оқу орындарының оқушылары өндірістік практикадан өту алдында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына сәйкес медициналық тексеруден өтеді.

· Объектінің әкімшілігі нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлейді, бекітеді және орындайды.

Қонақүй иелері мен қызметкерлерінің жоғарыда аталған барлық талаптарды орындауы адамдардың қонақ үй сияқты уақытша тұру объектісінде демалуына және болуына қолайлы жағдай жасайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда қанша қонақүй бар екенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар