Қондырғы бұзылған: Атырау мұнай өңдеу зауыты басшысының бірінші орынбасары жұмыстан босатылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - ҚМГ мұнай өңдеу зауытын мұнай өнімдерін өндірудің жоғары режиміне ауыстырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытында каталитикалық крекинг қондырғысы тоқтағаннан кейін басталған жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

1 ақпанда Атырау мұнай өңдеу зауыты регенераторларда температураның көтерілуіне байланысты каталитикалық крекинг қондырғысын тоқтатты.

М. Мырзағалиев 3 ақпан күні Атырау мұнай өңдеу зауытына жұмыс сапарымен барып, кәсіпорын басшылығымен кеңес өткізді.

«ҚазМұнайГаз» басшысы ҚМГ Басқарма төрағасының мұнай өңдеу және мұнай химиясы жөніндегі орынбасары Арман Қайрденовтің жетекшілігімен жедел штаб құруды тапсырды. Жедел штаб АМӨЗ жабдықтарындағы ақау толық жойылғанға дейін жұмыс істейді.

«Штабтың негізгі міндеті – орын алған ақауды, сондай-ақ АМӨЗ жұмысында жүйелі сипат алған мәселелерді жедел әрі сапалы шешу. Орынбасарым Арман Қайрденов бұл дағдарыстан толық шыққанға дейін осында болады», - деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Кеңес барысында «АМӨЗ» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Рахымжан Жанғабылов қызметінен босатылды, кәсіпорынның бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатаң сөгіс жарияланды.

М. Мырзағалиев сондай-ақ құрылған штабтың басшысы А.Қайрденовке оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүргізуді және оның қорытындысы бойынша қосымша кадрлық шешімдер қабылдауды тапсырды.

«ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы ел бойынша отын тапшылығына жол бермеу мақсатында ашық түсті мұнай өнімдерін көбірек өндіру үшін барлық үш мұнай өңдеу зауытының жүктемесін оңтайландыруды тапсырды.

«Ел басшылығының АМӨЗ-ге қатысты бірнеше рет айтқан ескертулерін, сондай-ақ зауыт жұмысындағы жиі үзілістерді ескере отырып, барынша қатаң шаралар қабылдайтын боламыз. Елде ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болып тұрғанда мұндай жағдайға жол беруге болмайды», - деп түйіндеді М.Мырзағалиев.


Соңғы жаңалықтар