Көне карталар көрмесі Батыс Еуропа саяхатшыларының Орталық Азияны 2 мыңнан астам жылға созылған тану процесін айшықтап көрсетеді
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні, 12 маусымда сағат: 16.00-де «Назарбаев орталығы» көп функциялы ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық мемлекеттік мекемесінде
(Астана қ., Республика даңғылы, 2) «Карталар мен саяхаттар: Ұлы Александрдан Патшайым Викторияға дейінгі Еуропаның Қазақстанды тануы» атты көне карталар көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Көрмеге саясаттану ғылымдарының докторы Найджел Гулд-Дэвистің жеке коллекциясынан алынған Батыс Еуропа саяхатшыларының Орталық Азия аумағын, көшпелілердің салт-дәстүрі мен мәдениетін тану процесін айшықтап көрсететін көне карталар қойылады.
Найджел Гулд-Дэвис Оксфорд Университетінде халықаралық қатынастар пәнінен дәріс берген, кейінгі он жылда Британ дипломатиялық қызметінде жұмыс жасады. Жұмыс бабымен 2010 жылы Астанаға келді.
Қазақстанмен жақын танысуы оның Орталық Азия аумағы туралы карталардың түпнұсқасынан коллекция жинауға деген қызығушылығын оятты.
Көрме 2012 жылдың 12 маусымынан басталып, 12 шілдесіне дейін созылады.
Көрменің ашылуына мемлекеттік орган өкілдері, дипломатиялық корпус, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми-талдау орталықтары, БАҚ, көрнекті мәдениет пен өнер және әдебиет қайраткерлері қатысады.