Конференция лигасы: «Астана» Алматыда «Витория» командасын қабылдайды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Астана» бүгін футболдан Конференция лигасы жалпы кезеңінің 4-турында Португалияның «Витория» (Гимарайнш) командасын қабылдайды.

футбол Казахстан - Норвегия
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Матч Қазақстан уақытымен сағат 20.30-да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ойынның фавориті ретінде португалиялық клубтың саналуы заңды. Өйткені үш кездесуден кейін «Витория» 9 ұпай жинады. Словениялық «Целе» (3:1), швециялық «Юргорден» (2:1) және чехиялық «Млада-Болеслав» (2:1) командасын ұтқан португалиялықтардың Алматыға қыдырып келмейтіні анық.

Астаналықтардың қоржынында 3 ұпай ғана бар. Алғашқы ойынында сербиялық «ТСЦ Бачка-Топол» командасын 1:0 есебімен жеңгеннен кейін Қазақстан чемпионы болуды көздеген «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян сырт алаңдағы қос матчқа қосалқы құрамды апарды. Онымен чемпион да бола алған жоқ, Конференция лигасында да уэльстік «Нью-Сейнтс» (0:2) және кипрлік «Пафос» (0:1) клубтарына есе жіберді. Сондықтан елордалықтардың шегінер жері жоқ.

Конференция лигасында алғашқы сегіздікке кірген командалар бірден 1/8 финалға жолдама алады. Сондай-ақ үздік 24 клубтың қатарына іліккендер жарыс жолын жалғастырады.

Жалпы кестеде «Витория» бесінші, «Астана» 25-орында тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын футзалдан «Қайраттың» элиталық кезеңде жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.

УЕФА Чемпиондар лигасында «Ливерпуль» мадридтік «Реалды» жеңді.