Конфессияаралық диалог жаһандық терроризммен күресуге мүмкіндік береді - сарапшы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қоғамда берік орнаған конфессияаралық диалог жаһандық терроризммен күресуге мүмкіндік береді. Мұндай пікірді Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының бас сарапшысы Ләззат Қалыбекова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әлем елдері тұрақты дамуға қол жеткізу үшін конфессияаралық, мәдениетаралық келісімді сақтауға аса жоғары мән береді. Қоғамда берік орнаған конфессияаралық диалог экстремизм мен терроризм, ксенофобия, рухани сауатсыздық пен үстемдік етуге талпынушы күштермен күресуге және оларды болдырмауға септігін тигізе алады. Бұл бағытта елімізде атқарылған жұмыстар ауқымды. Атап айтсақ, 2000-жылдардың басында конфессиялар мен халықтарды жақындастыру туралы жиын, 2002 жылы маусым айында Алматыда АӨСШК-нің бірінші саммиті, 2003 жылы ақпан айында Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясы, 2011 жылдың қыркүйегінде Рим Папасы Иоанн Павел II-нің елімізге жасаған тарихи сапары. Бұл үдерістер мен оқиғалар әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы ауқымды бастаманың жүзеге асуына зор ықпал етті», - деді Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының бас сарапшысы Ләззат Қалыбекова.

Сондай-ақ, сарапшы Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Ләззат Ғабитқызының айтуынша, орталықтың қызметі еліміздегі діни сауаттылықты көтеруге, өзге дін өкілдерімен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған. Сонымен қатар орталық шет елдік ұйымдармен бірлесе жұмыс істейді. Бір жыл аралығында БҰҰ Өркениеттер Альянсымен, Халықаралық мәдени дипломатия институтымен және Исламабад Халықаралық ислам университетімен серіктестік орнатқан. Нәтижесінде Қазақстан көтерген игі бастамалар әлемде жоғары маңызға ие болып, дінаралық қауымдастықтар тарапынан қолдау тауып келеді.
Автор: Әлихан Асқарұлы