Конго астанасындағы су тасқыны салдарынан шамамен 30 адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Алдын ала мәліметтер бойынша, Конго Демократиялық Республикасының астанасы Киншасада болған су тасқыны салдарынан шамамен 30 адам қаза тапты, деп хабарлайды Reuters.

Конго астанасында болған су тасқыны салдарынан шамамен 30 адам қаза тапты
Фото: Actualité

— Қаза тапқандар саны алдын ала мәлімет бойынша белгіленген, қазіргі таңда шамамен отыз адам қаза болды, — деп мәлімдеді Reuters агенттігіне провинцияның денсаулық сақтау министрі Патрисьен Гонго Абакази.

Нджили өзені жұмаға қараған түні арнасынан асып, басты ұлттық жолды жауып тастап, сенбі кешінен бастап жүргізушілер қиын жағдайда қалды.

Қаланың бірнеше ауданы жарықсыз отыр.

Макала ауданының тұрғыны Керен Яланың айтуынша, жергілікті тұрғындар үшін басты мәселе — ауыз судың өшірілуі болған.

Киншаса губернаторы Дэниел Бумба Лубаки су құбыры жүйесінің зақымданғанын мәлімдеді, бірақ су екі-үш күн ішінде қайта қосылатынын жеткізді.

Теледидар арқылы жасаған үндеуінде ол кейбір адамдардың қаза болуына заңсыз құрылыстар себеп болғанын айтты.

Гидролог Рафаэль Тшиманга Муамба өзеннің жағдайына адам әрекеттері әсер еткенін атап өтті.

— Мұнда антропогендік әсер туралы сөз болып отыр. Соның салдарынан өзендер тозып барады, олардың қазіргі көлемі бастапқыда су тасқындарын ұстап тұру мүмкіндігіне сай келмейді, — деді ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Бұған дейін АҚШ-та бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбыр салдарынан өзендердегі су деңгейі көтеріліп, су тасқыны күшейгені хабарланған болатын. Бұл елді мекендерді су басу және ауыр зардаптарға әкелу қаупін төндіріп отыр. Соңғы күндері кемінде 18 адам, соның ішінде Теннесси штатының 10 тұрғыны қаза тапқан.

Соңғы жаңалықтар