Конго полициясы президенттік сайлауды кейінге шегеруге қарсы болғандарды атып тастады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Конго астанасы Киншастағы наразылық шаралары кезінде ресми ақпараттар бойынша, 17 адам мерт болды. Оның 3-уі полиция қызметкері.
19 қыркүйекте мыңдаған адам президент Жозеф Кабилаға наразылық білдіріп, оның президенттік сайлауды кейінге шегеруіне қарсыыылық танытты, деп хабарлады Reuters.
Құқық қорғаушылардың мәліметтерінше, полиция қызметкерлері 25 наразылық білдірушіні атып тастаған.
Кабиланың өкілеттілік мерзімі желтоқсан айында аяқталады. Оппозиция оны қараша айында өтуі тиіс сайлауды кейінге шегеру арқылы өзінің мерзімін ұзартуды көздеп отыр деп айыптады. Президентті жақтаушылар мұны жоққа шығарды.
«Ресми деректерге сәйкес, Киншаста 17 адам ажал құшты. Оның 3-уі полиция қызметкері, 14-і жергілікті тұрғын», - деді полиция өкілі Клод Перо Лувара.
Полиция мерт болған 14 тұрғынның тонаушылар болғанын айтты. «Әділеттілікке қол жеткізуді қолдайтын «Конголез қауымдастығы» жергілікті үкіметтік емес ұйымының басшысы Жорж Капиамба күш құрылымдары өкілдерінің 25 адамды атқанын мәлімдеді.
Кешке қарай республикадағы негізгі оппозициялық партиялардың бірінің штаб-пәтері өртенді. Ғимараттан отқа оранған үш адамның мәйіті табылды.