Конгода Эбола індеті қайта өршіп кету қаупі бар
АСТАНА. KAZINFORM – Конго Демократиялық Республикасында 10-22 қаңтар аралығында Эбола індетіне ұқсас белгілері бар аурудан сегіз адам көз жұмды, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

Конгоның солтүстік-батысында Эбола індеті қайта өршуі мүмкін. Бұл туралы Экватер провинциясындағы Қызыл Крест комитетінің басшысы Коломба Мампуяға сілтеме жасаған Actualite жаңалықтар порталы хабарлады.
Қаңтардың 10-ы мен 22-сі аралығында провинцияда Эбола індетіне ұқсас белгілері бар сырқаттан сегіз адам қаза болды. Ауру жұқтырғандардың жалпы саны – 12. Өлгендерден алынған сынамалар зертханаға жіберілген.
- Тек зертхананың нәтижелері ғана аймақ үкіметіне Эбола вирусының қайта пайда болғанын немесе жоқтығын ресми түрде жариялауға мүмкіндік береді, - деді Мампуя.
Айта кетейік, Эбола індетінің ең соңғы өршуі Экватер провинциясында 2022 жылдың сәуір-шілде айларында болған. Сол кезде ауру жұқтырған бес адамның барлығы көз жұмған.
Оңтүстік Африкадағы Стилфонтейн шахтасынан 78 заңсыз кеншінің денесі табылды.