Конгода Эбола індетінен қаза тапқандар саны 2,3 мыңнан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусының таралуы салдарынан қаза тапқандар саны 2 325 адамға жетті. Қазіргі індет ел тарихындағы ең көп адам өліміне әкелген Эбола өршуі болды, деп хабарлайды The Guardian.
Конго Демократиялық Республикасының Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау институтының мәліметінше, аурудың расталған жағдайларының саны 4 945-ке жетті. Тек соңғы тәулікте тағы 101 жағдай анықталған.
Инфекция елдегі 26 провинцияның алтауына тарады. Аурудың басым бөлігі елдің солтүстік-шығыс өңірлерінде тіркелген. Індет алғаш анықталған Итури провинциясында 3 400-ден астам жағдай тіркелді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, қазіргі індет бұрын тіркелген Эбола эпидемияларының барлығынан жылдам таралып жатыр. Үш айға жетпейтін уақыт ішінде екі мыңнан астам адам көз жұмды. Салыстырмалы түрде, 2014–2016 жылдары Батыс Африкада болған ауқымды індет кезінде қаза тапқандар саны бес айға жуық уақытта мың адамға жеткен.
Қазіргі инфекцияның таралуына Бундибуджио вирусының сирек кездесетін штамы себеп болып отыр. Әзірге оған қарсы мақұлданған вакцина немесе арнайы емдеу әдісі жоқ. Конго Демократиялық Республикасында екі ықтимал дәрі-дәрмектің клиникалық сынақтары басталды. Сонымен қатар екі вакцина да сынақтан өткізіліп жатыр.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, шамамен мың науқас сауығып шыққан. Тағы 730 адам медициналық мекемелерде немесе оқшауланған жағдайда ем алып жатыр.
Инфекцияның таралуына қарсы күресті науқастардың медициналық көмекке кеш жүгінуі, инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы және медициналық мекемелерге жасалған шабуылдар қиындатып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, науқастардың 70 пайыздан астамы медициналық орталықтардан тыс жерде қайтыс болады.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасында әр 30 минут сайын бір адам Эболадан көз жұматынын хабарлаған.