Конгода Эбола вирусын жұқтырғандар саны 4 мыңнан асты
АСТАНА. KAZINFORM — Конго Демократиялық Республикасында (ДРК) Эбола безгегіне шалдыққаны расталғандар саны 4053 адамға жетті. Сырқаттан 1850 адам көз жұмды, деп хабарлайды Синьхуа.
Бұл туралы елдің денсаулық сақтау органдары жариялаған есепте айтылған.
Мәліметке сәйкес, 694 науқас оқшауланған немесе ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал 793 адам аурудан айыққан.
Халықаралық медициналық гуманитарлық ұйым «Шекарасыз дәрігерлер» сәрсенбі күні Конгоның шығысындағы Эбола індетінің өршіп жатқанын ескертті.
Ұйымның мәліметінше, вирус алаңдатарлық әрі бұрын-соңды болмаған қарқынмен таралып жатыр және әзірге оның бәсеңдеу белгілері байқалмайды.
Айта кетейік, Конгода Эбола індеті босқындарға арналған лагерьлерге таралды.
Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) қазіргі Эбола індеті Конго Демократиялық Республикасы тарихындағы ең ірі індетке айналғанын мәлімдеді.