Конгресс-Холл сарайында «Сыйқырлы әлем - 2009» атты жәрмеңке басталды
АНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Конгресс-Холл сарайында «Сыйқырлы әлем - 2009» атты жәрмеңке басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрменің ашылу салтанатына «Жасар» әйелдер клубы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Хорлан Қалиева, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің, Республикалық әйелдер кеңесі төралқасының мүшесі Клара Арсыланова, осы партияның Есіл аудандық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі, Республикалық әйелдер кеңесі төралқасының мүшесі Мапруза Хасен, сондай-ақ шетелдік және отандық компаниялардың өкілдері қатысты.
Аталған шараға Түркия, Польша, Моңғолия, Қытай, Ресей, Беларус, Қырғызстан мемлекеттерінің және отандық компаниялардың өнімдері қойылған. Онда күнделікті тұрмысқа қажетті заттардан бастап, зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, ыдыс-аяқтар, тері күтіміне арналған майлар, кәдесыйлар, түйе жүнінен тоқылған киімдер келушілер назарына ұсынылып отыр.
Жәрмеңке қыркүйектің 20-сына дейін жалғасады.