Қоңырауларды міндетті түрде таңбалау неліктен кейінге шегерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды міндетті түрде таңбалау енгізу келесі жылға қалуы мүмкін. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникация комитетінің төрағасы Дамир Сейсенбаев айтты.

Қоңырауларды міндетті түрде таңбалау неліктен кейінге шегерілді
Фото: Pixabay

Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері одан «Бұған дейін Қазақстанда күзден бастап заңды тұлғалардан келетін қоңырауларды таңбалау енгізілетіні белгілі болған еді. Бұл талап нақты қашан күшіне енеді және байланыс операторларымен келісімге қол жеткізілді ме? Олардың барлығы бұл бастамамен келісті ме?» деп сұраған еді.

Сауалға жауап берген комитет төрағасының айтуынша, ресми қоңырауларды міндетті түрде таңбалауды көздейтін заңнамалық өзгерістер қабылданды. Осы түзетулердің бірқатары қазірдің өзінде күшіне енді.

— Қазіргі уақытта министрлік (Цифрлық даму министрлігі) Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын әзірлеп, ол тиісті келісу рәсімінен өтіп жатыр. Осы қағидаларда бұл жүйенің қалай жұмыс істеуі керектігіне қатысты нақты талаптар, сондай-ақ техникалық мәселелер айқындалады. Бізге операторлардан ресми өтініш келіп түсті. Олар бұл жүйені 2027 жылдың бірінші тоқсанынан бастап енгізуді сұрады. Қазір бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Қалай болғанда да, бизнеске қосымша салмақ түсірмеу үшін бұл ұсынысты оң тұрғыда қарастырамыз деп ойлаймын. Меніңше, қазан айының ортасына дейін министрдің тиісті бұйрығына қол қойылып, онда нақты мерзімдер көрсетіледі, — деді Дамир Сейсенбаев.

Бұған дейін абоненттер енді банк, мемлекеттік орган және қызмет көрсетуші компаниялардан түсетін ресми қоңырауларды бірден ажырату мүмкіндігін алатынын жазған едік.