Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қоныс аудару және жұмысқа орналасу мүмкіндігін енді онлайн бағалауға болады

АСТАНА. KAZINFORM — migration.enbek.kz порталында ерікті қоныс аудару мүмкіндігін қарастырып жүрген азаматтарға арналған жаңа цифрлық сервис іске қосылды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Қоныс аудару және жұмысқа орналасу мүмкіндігін енді онлайн бағалауға болады
Фото: Gov.kz

Платформа қоныстандыру өңірлеріндегі қабылдау шарттарымен танысуға, сондай-ақ ресми жұмысқа орналасуға сұранысқа ие мамандықтардың өзекті тізімін көруге мүмкіндік береді.

Пайдаланушылар өздерін қызықтыратын өңірді таңдап, сол аймақтағы бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары, тұрғын үй жағдайлары және бағдарламаға қатысушыларға ұсынылатын өзге де мүмкіндіктер туралы ақпаратты бірден ала алады.

Порталда сұранысқа ие мамандықтар тізіміне ерекше назар аударылған. Бұл азаматтарға қоныс аудармас бұрын еңбек нарығындағы өз мүмкіндіктерін алдын ала бағалауға жол ашады. Бүгінде ең сұранысқа ие мамандықтардың қатарында:

  1. Денсаулық сақтау — дәрігерлер, мейіргерлер және өзге де медицина қызметкерлері;
  2. Білім беру — мұғалімдер, мектепке дейінгі және орта білім беру педагогтері;
  3. Инженерлік-техникалық бағыт — түрлі техникалық мамандық иелері;
  4. Ауыл шаруашылығы — агрономдар, ветеринарлар және салалық мамандар;
  5. Көлік — механизаторлар, тракторшылар және жүргізушілер;
  6. Жұмысшы мамандықтары — электр монтерлері, электр мамандары, дәнекерлеушілер, токарьлар;
  7. Құрылыс — тас қалаушылар, бетоншылар, монтажшылар және әрлеушілер;
  8. Басқару және әлеуметтік сала — бухгалтерлер, экономистер, мемлекеттік және әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандары.

Аталған тізім өңірлік еңбек нарықтарының сұранысына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отырады. Бұл пайдаланушыларға өзекті әрі сенімді ақпарат алуға, өз мүмкіндіктерін алдын ала бағалап, кәсіби дағдылары жоғары сұранысқа ие болатын өңірді таңдауға мүмкіндік береді.

— Сервистің интерактивті картасында елді мекендер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым және кеңес алуға арналған байланыс деректері туралы мәліметтер де орналастырылған. Бұл қоныс аударуды жоспарлау үдерісін барынша ашық әрі түсінікті етеді. migration.enbek.kz порталындағы цифрлық сервистерді дамыту мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға және азаматтарға тұрғылықты жерін өзгертуге қатысты саналы әрі негізделген шешім қабылдауға көмектесуге бағытталған, — делінген ведомство хабарламасында.

Еске салсақ, ҚР Үкіметі 2026 жылға арналған ерікті қоныс аудару өңірлері ретінде Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарын айқындады.

Осыған дейін СҚО-ға қоныс аударған фермерлер жеңілдікпен берілген несиені қайтармаса сотқа тартылуы мүмкін екенін жазғанбыз.