Қоныс аударушыларға көрсетілетін қызметтер автоматтандырылады
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың наурызынан қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қызметтері автоматтандырылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
«Қоныс аудару бағдарламаларының ашықтығын арттыру мақсатында Үкімет 2023 жылғы қазаннан бастап, Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларына бірқатар түзету енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, өзгерістер қоныс аударушылар сатып алатын тұрғын үйді міндетті бағалау талаптарына, қоныс аударушының сертификат бойынша ақшалай төлемді ерлі-зайыптылардан және жақын туыстарынан жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдалануына жол бермеуге, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті сатуға 5 (бес) жыл бойы тыйым салуға қатысты болды», - деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның атап өтінше, мүдделер қақтығысына жол бермеу мақсатында сертификат бойынша ақшалай төлемдерді тағайындау функциялары мансап орталықтарынан еңбек мобильділігі орталықтарына берілді.
«Бұдан басқа, қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу және оларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету жөніндегі мемлекеттік қызметтерді 2025 жылғы наурыздан бастап автоматтандыру жоспарлануда. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің осы түрлерін цифрландыру қоныс аударушылар мен еңбек мобильділігі орталықтары арасындағы шарттық міндеттемелердің орындалуын нақты мониторингтеуге мүмкіндік береді», - деді Олжас Бектенов.