Коньки: Алматыда Қазақстан Кубогының шешуші кезеңі аяқталды

коньки
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – 20-21 ақпан аралығында Алматы қаласындағы «Медеу» мұзайдынында конькимен жүгіруден Қазақстан Кубогының соңғы кезеңі өтті.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, маусымның шешуші жарысына еліміздің 6 облысы мен ірі қалалардан (Алматы, Астана қаласы; Абай, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО мен ШҚО) 160 спортшы қатысты. 

Бұл қатарда Ұлттық құрама сапында халықаралық турнирлерде жүлде алып жүрген Нұралы Ақжол, Бақдәулет Сағатов, Дарья Гаврилова, Кристина, Алина және Инесса Шумековалар бар. 

Аталған жарыста әйелдер арасында 500 метр қашықтықта бас жүлдені Маргарита Артемьева (40,94 секунд) жеңіп алды. Осы қашықтықта ерлерден Алтай Жәрдембекұлы (36,14 секунд) бас жүлдені қанжығасына байлады.

1500 метрден әйелдер арасында Диана Бачурина (2,14,75 секунд) чемпион атанса, ерлер арасында Бақдәулет Сағатов (1,55,66 секунд) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

1000 метр қашықтықты қыздар арасында Анастасия Беловодова (1,23,65 секунд) бірінші болып бағындырса, ерлерден Александр Кленкоға (1,12,54 секунд) тең келер ешкім болған жоқ.

3000 метрге конькимен жүгіруден әйелдер арасында бірінші орынды Диана Бачурина (4,59,06) жеңіп алса, ерлерден 5000 метр қашықтықта Нұралы Ақжол (7,35,11) чемпион атанды.

Енді 22-23 ақпанда командалық Қазақстан чемпионаты өтеді.

Соңғы жаңалықтар
telegram