Көңілді старттар мен шеберлік сабақтары: Астанада жаңа жылдық ойын-сауық басталды
АСТАНА. KAZINFORM - 28 желтоқсанда Астананың бес орнында концерттер, эстафеталар, көңілді старттар, сыйлықтары және т.б. бар мерекелік бағдарламалар басталды, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сонымен қатар елорданың алты ауданында мұз айдындары, сырғанақтар, безендірілген шыршалар, жаңа жылдық жәрмеңкелер, шағын архитектуралық формалар, концерттік бағдарламалар, фотоаймақтар және т.б. қазірдің өзінде қала тұрғындарының қуанышына айналып үлгерді.

Сарыарқа ауданындағы қалалық алаңда (елорда әкімдігі ғимаратының алдында) жаңажылдық бағдарлама сағат 12.00-де басталып, 14.00-ге дейін жалғасты. Қала қонақтары мен тұрғындары үшін кәсіби хоккейшілердің қатысуымен шайбалы хоккейден шеберлік сыныбы, сонымен қатар шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Алматы ауданында Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Оқушылар сарайының аумағында сағат 12.00-де балалар шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама басталып, 13.00-ге дейін жалғасты.
Нұра ауданында «Астана Арена» стадионының автотұрағында арнайы сыйлықтары бар мерекелік іс-шаралар сағат 12.00-де бастау алып, 13.00-ге дейін жалғасты. Сағат 15.00-ден 16.00-ге дейін мәнерлеп сырғанаудан шеберлік сабағы, 19.30-дан бастап эстафеталық жарыстар мен концерттік бағдарлама жалғасын тапты.

Сарайшық ауданындағы «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда мерекелік іс-шара сағат 14.00-де басталды. Іс-шара қонақтары көңілді старттарға қатысып, сыйлықтар ұтып алды.18.00-ден 20.00-ге дейін эстрада жұлдыздары мен шығармашылық топтардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтті.

Есіл ауданының ЭКСПО аумағында мерекелік бағдарлама сағат 16.00-ден 18.00-ге дейін жалғасып, көрермендер үшін шайбалы хоккейден шеберлік сыныбы, жүлделі спорттық эстафеталар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш орындарда сол сияқты сырғанақтар, сырғанайтын заттар мен конькилерді жалға алу, сырғанау алаңдары, фотоаймақтар және т.б. бар.
Елорда әкімдігі жаңа жылдық көңіл күйге бөленіп, қысқы демалысты қай жерде көңілді өткізуге болатыны туралы хабарлаған болатын.