Консалтингтік бизнестің көмегінсіз экономика салаларын дамыту мүмкін емес
«Менеджмент, басқару бойынша консультанттар - Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша жаңа мамандық. Ол мамандықтардың халықаралық тізіміне тек 2009 жылы ғана енгізілді. Әлемде басқару бойынша консультанттар дипломын беретін мықты екі-ақ бизнес мектебі бар. Бірі - Францияда, екіншісі - Оңтүстік Африкада. Біздің менеджмент бойынша Қазақстан консультанттары палатасы Халықаралық менеджмент консалтинг бойынша институттар кеңесінің мүшесі. Оған 50 ел мүше. Олардың ішінде бүкіл әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70% өндіретін үлкен 20 ел де бар. Мінеки, ел экономикасының барлық саласының ілгері дамуына басқару бойынша консультанттардың рөлі өте зор. Консалтинг - дамудың ажырамас бөлігі. Біздің ұранымыз «Әдепке, біліктілікке және тәуелсіз пайымға негізделген жетістік», - деді менеджмент бойынша Қазақстан консультанттары палатасы басқарамасының төрайымы Гүлсім Ақтамбердиева. Алғаш 2010 жылы құрылған шақта палатаның бар-жоғы 3-ақ мүшесі болған екен. Ал бүгінде ол 70-тен астам жоғары білікті консультанттарды біріктіреді. Олар менеджмент тетіктері арқылы экономиканың әр саласында қызмет атқаратын жеке және мемлекеттік компанияларға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға олардың жұмыстарын жақсартуға көмектеседі. Сондай-ақ палатаның қолдауымен жас консультанттар арасында біліктілік тренингтері өткізіліп тұрады. Тренингтің бір күнгі бағасы орта есеппен 200 АҚШ долларын құрайды.