Конституция - біздің арайлы азаматтығымыздың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары, еліміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың қайнар бастауы - Елбасы
АСТАНА. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Конституция - біздің арайлы азаматтығымыздың айнымас айғағы, жарқын болашағымыздың бұлжымас бағдары, еліміздің алтын арқауы, толағай табыстарымыздың қайнар бастауы. Бұл туралы Мемлекет басшысы елордада өтіп жатқан Конституцияның 15 жылдығына арналған әскери шеру барысында айтты.
Бүгін ел Конституциясына 15 жыл толды. Бұл біздің мемлекетіміз үшін мерейлі меже, айырықша маңызды күн. Баршаңызды осы ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын, деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті аталы шешімге тоқтаған дана халқымыздың түрлі заң мен жарғыға, мизам мен ережеге бағынғандығын атап өтті. «Ордабасы мен Ұлытауда, Нартөбе мен Күлтөбеде келелі кеңес құрған заңды басшылыққа алып орталыққа ұйысқан берекелі халқымыздың бірлігі нығая түскен. Олар сол тұстағы еңселі елдіктің белгілері еді», деді Н. Назарбаев.