Конституция ел азаматтарының тең құқығын қамтамасыз етеді – судья
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Конституцияда сот билігі туралы тарау айырықша орынға ие. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Ұлан Қажыкен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлан Қажыкеннің айтуынша, Конституцияда сот билігі туралы тарау айырықша орынға ие. Өйткені биліктердің бөлу принциптеріне сәйкес, сот билігін белгілеу- бұл азаматтардың, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғап, Конституцияны, заңдарды, басқа нормативтік актілерді және Қазақстан Республикасының халықаралық келісімшарттарын орындауды қамтамасыз ету.
«Конституция ел азаматтарының тең құқығын қамтамасыз етеді. Соттардың негізгі қызметі әділ сотты жүзеге асыру болып табылатынын атап өту қажет. Әділ сот - заңдылықты, негізділікті және сот шешімдерінің жалпылай міндеттілігін қамтамасыз ететін тәртіпте азаматтық және қылмыстық істерді қарау бойынша сотпен жүзеге асырылатын мемлекеттік іс-әрекеттің түрі», - деді судья.
Сонымен қатар, ол медиация - судьялардың жұмыс жүктемесін азайтуға және қоғамдағы қақтығыстарды соттан тыс шешуге бағытталғанын атап өтті.
«Бағыттардың бірі сот процесінде жаңа технологияларды қолдану болып табылады. Бұл ақпараттық жаңашылдық сот өндірісін әрі қарай жетілдіруді көздейді. Аталған салада олардың дамуы екі жақты мәнге ие: олар азаматтардың әділ сотқа қолжетімділігін жеңілдетеді, ал екінші жағынан соттардың жұмысын жеңілдетеді, бюрократияны және қағазбастылықтың алдын алады. Жалпы алғанда ақпараттық технологияны дамыту әділ сотты жүзеге асырудың ашықтығына қол жеткізуге бағытталған. Ақпараттық технологияның қарқынды дамуы кезінде электронды әділ сотты дамыту да өзекті», - деді Ұлан Қажыкен.
Спикердің сөзінше, казіргі заманғы қазақстандық сот жүйесі жетілу сатысында.
«Судьялардың кәсіби деңгейін арттырумен қатар, күшті және дербес сот билігін қалыптастыру қажет. Сот беделін және оған қоғамның сенімін қалыптастыру, қоғамның құқықтық санасын жақсартуға күш салу керек»,- дейді ол.