Конституция күні: Астана Балет ашық аспан астында өнер көрсетеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана Балет» қазақстандықтарды Конституция күнімен тікелей эфирде құттықтайды. Елордалық театр әртістері ашық аспан астында мерекелік бағдарламамен өнер көрсетеді. Көрермендерге театрдың үздік туындысы – «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық қойылымы ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конституция күні: Астана Балет ашық аспан астында өнер көрсетеді

Тікелей эфир 30 тамыз күні сағат 16:00-де театрдың YouTube және Instagram парақшаларында өтеді. Мерекелік концерт бағдарламасында – қазақ халқының салт-дәстүрі мен тарихын баяндайтын хореографиялық миниатюралар және ұлттық балеттің жарқын үзінділері көрсетіледі.

Нөмірлердің басым бөлігін «Әсем қоңыр», «Арулар шеруі», «Ақ қыз», «Нұршашуды» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Балет» театрының хореографы Айгүл Тәти қойған. Ол этнографиялық элементтер мен заманауи балетмейстерлік шешімдерді шебер үйлестіріп, ұлттық қазақ биін жасайды.

«Биыл біз Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын атап өтеміз. Бұл еліміздің барлық тұрғындары үшін маңызды күн және оның құрметіне біз барлық халқымызға, барлық қазақстандықтарға тән сұлулық пен нәзіктікті, күш пен батылдықты, ерлік пен патриотизмді қамтитын бағдарлама дайындадық. Осынау мереке күні барлық отандастарға зор денсаулық, бақыт және амандық тілейміз!», - дейді хореограф Айгүл Тәти.

«Астана Балет» театры осы концерттік бағдарламасымен Италия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және басқа да әлемнің үздік театрларында бірнеше рет өнер көрсетті. Эстетика, көркемдік, костюмдердің байлығы, хореографиялық шығармалардың семантикалық тереңдігі әлем көрермендерін таң қалдырады.