Конституция күні елордада мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады
АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Конституция күніне орай Астанада бірқатар мәдени және мерекелік іс-шаралар өтеді, деп хабарлады қалалық Мәдениет басқармасынан.
Іс-шаралар жоспарына сәйкес, 16 тамыздан бастап Қазіргі заманғы өнер мұражайында «Менің елім, менің елордам» атты көрме, ал №5570 әскери бөлімінде Қазіргі заманғы өнер мұражайының «Батырлар - Отан қорғаушылар» деп аталатын көшпелі көрме ұйымдастырылады.
Елорданың ресми сайтының жазуынша, ауқымды мереке «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде ҚР Конституция күніне орайластырылған «Азат елдің ар-намысы - Ата заң» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен жалғасады.
«АЛЖИР» мұражайында елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына 29 тамыз - 5 қыркүйек аралығында «Тарих - таным айнасы» бейнекөрінісі ұсынылады.
29 тамызда Бейбітшілік және келісім сарайында конференция мен концерт, «Қазақстан» орталық концерт залында мемлекеттік мерекеге орай мерекелік концерт ұйымдастырылады.
30 тамызда қала тұрғындары мен қонақтары үшін Астананың орталық алаңында мерекелік концерт өтеді.