Конституция күні қарсаңында 106 павлодарлық қоныс тойын тойлады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодарда Конституция күні қарсаңында «Сарыарқа» шағынауданындағы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына арналған екі тоғыз қабатты үй қолданысқа берілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

Конституция күні қарсаңында 106 павлодарлық қоныс тойын тойлады

Ломов көшесі 152/2 және 152/3 мекенжайындағы тоғыз қабатты үйлердің бірінде 54 пәтер (екі бөлмелі - 36, үш бөлмелі - 18) болса, екіншісінде 52 пәтер (екі бөлмелі - 34, үш бөлмелі - 16, төрт бөлмелі - 2) бар.

 «Жыл басынан бері өңірде 109 мың шаршы метр пайдалануға берілді», - деді облыс әкімі Болат Бақауов. «Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,4 пайызға жоғары. Қала ішінде өткен жылмен салыстырғанда 156 пайызға артық 95 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Осы шағынауданда аумағы 24 мың шаршы метр болатын 360 пәтерлік үш үй салынуда. Әрине, бар күшін салып, еңбектеніп жатқан құрылысшылардың еңбегін атап өтпеуге болмайды. Барлықтарыңызды қоныс тойымен құттықтаймын».

Еске сала кетсек, 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Сарыарқа» шағынауданында төрт көпқабатты үйдің құрылысы жүруде. 31,1 мың шаршы метрді құрайтын үйлер 392 пәтерге шақталған. Кезекте тұрғандар үшін 212 пәтер екі үйден бөлінді, қалған 180 пәтер сүрілген үйлердің иелеріне табысталады. Жыл соңына дейін Шөкин көшесі 159/3, Павлов көшесі 95/1, 93/1 мекенжайларындағы көп қабатты үйлер пайдалануға берілмек.