Конституция күні қарсаңында 23 мыңнан астам атыраулыққа бір жолғы көмек беріледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда Конституция күні қарсаңында 23 мыңнан астам мүгедекке бір жолғы әлеуметтік төлем беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конституция күні қарсаңында 23 мыңнан астам атыраулыққа бір жолғы көмек беріледі

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, бір жолғы әлеуметтік төлем қаржысы жергілікті бюджеттің есебінен төленеді.

«30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында мүгедектігі бар 23 мың 592 адам біржолғы әлеуметтік төлем алады. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар мен бірінші, екінші және үшінші топтағы адамдар бар. Оларға берілетін біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері 50 мың теңгені құрайды. Әлеуметтік төлемдер 15 тамыздан бастап беріле бастайды. Бұл үшін құжат тапсырып, өтініш толтырудың қажеті жоқ. Барлығы «Цифрлық отбасы» арқылы цифрландырылған жүйемен іске асады», -деп хабарлады Азамат Мәмбетов.

Басқарма басшысының айтуынша, келер жылы біржолғы берілетін төлемнің көлемін арттыру көзделіп отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға арналған 150 орындық орталық салынатынын хабарлаған болатынбыз.

Жаңа орталықта УЗИ кабинеті, медициналық, әлеуметтік және психологиялық оңалту аумағы болады. Тұз шахтасын, электр сәулесімен, физиологиялық, сумен және инемен емдеу секілді терапиялық бөлмелер ашу жоспарланған.

Сондай-ақ, менталды ауытқуы бар балалар үшін күндізгі стационар ашылатынын жазған едік.

Стационарда аутизм диагнозы қойылған, церебральді сал ауруына шалдыққан, тірек-қимылы бұзылған балалар тегін ем алады. Оларға 45 күндік ем-дом курсын жүргізіледі.