Конституция күні қазақстандық эстрада жұлдыздары Астанада өнер көрсетеді (ФОТО)

Мерекелік концерттер Орталық алаңда, «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, сондай-ақ «Студенттік» паркте болады, деп хабарлады Астана қаласының мәдениет басқармасы.
Елорда тұрғындары мен қонақтары Заттыбек Көпбосынов, Маржан Арапбаева, Досымжан Таңатаров, Ардақ Балажанова, «Жігіттер» тобы және т.б. көптеген танымал әртістердің қатысуымен өтетін қызықты концерттік бағдарламаны тамашалайды. Сонымен қатар, Мемлекеттік академиялық филармония әртістері мен «Терра» би театрының әртістері де өз шығармашылығын көпшілік назарына ұсынатын болады.
Бұдан басқа, 29 тамызда Астанада сағат 10:00-да Ата заңымыздың 20 жылдығын мерекелеу аясында «Астана-дуатлон 2015» спорттық-бұқаралық шарасы ұйымдастырылады. Жарыс екі кезеңнен тұрады: веложарыс - 15 шақырымдық және жүгіру - 5 шақырымдық. Жарыс аяқталған соң «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда жеңімпаздарды марапаттау салтанаты, қазақстандық әртістердің қатысуымен мерекелік концерт өтеді.