Конституция күніне арналған әскери шеруге әскери қызметтегі әйелдер тұңғыш рет қатысады
nbsp;АСТАНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Тамыздың 30-да Конституция күніне арналған әскери шеруге әскери қызметтегі әйелдер тұңғыш рет қатысқалы отыр. Бұл туралы бүгін шеру дайындығына арналған көшпелі брифингте әскери шерудің қолбасшысы, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Мұрат Майкеев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жеке құрам біздің ҚарулыКүштеріміздің барлық гарнизондарынан үздік сарбаздар мен офицерлерден іріктеліп алынды. Сонымен қатар бұл шеруде бұрын-соңды көрсетілмеген әскери техника шығарылатын болады. Әскери шеруге толық дайынбыз», дейді М. Майкеев.
Шеруге қатысушыларды орналастыру үшін Астана маңындағы 68665 әскери бөлімі аумағында арнайы лагерь құрылған. Шатырлы лагерьде шаруашылық бөлімі, медпункт, спорт қалашығы және мәдени-демалыс орталығы ұйымдастырылған.
«Әскери қызметтегі әйелдер сап түзіп жүрді өте жоғары деңгейде меңгергендігін көрсетіп, барлығымызды таңқалдырып отыр. Қазіргі уақытта олардың тұрмыстық және моральдық-психологиялық даярлықтары сәтті жүріп жатыр», дейді ол.
ҚР ҚК Құрлық әскерлері Штаб бастығының орынбасары, лагерь бастығы полковник Еркеболат Оспановтың айтуынша, шеруге 86 әйел қатысады.
Тамыздың 30-да «Қазақ елі» монументі алдында Конституция күніне арналған әскери шеруді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдайды .
Алаңда Қорғаныс министрлігінің Құрлықтағы әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-Теңіз күштері, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Республикалық Ұланның жасақтары сап түзеп жүреді.
Әскери шеруге 150-дан астам әскери техника тартылған. Барлығы дерлік төл әскеріміздің штатты бірлігіне қабылданған техниканың үлгілері. Шеруді еліміздің Әуе қорғанысы күштерінің иелігіндегі әскери авиация жалғастырады. Шараға 66 ұшу аппараттары тартылады.