Конституцияға енгізілетін өзгерістер қазақстандық мемлекеттіліктің архитектурасына оң әсерін тигізеді - сенатор Ақылбай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституцияға енгізілетін өзгерістер қазақстандық мемлекеттіліктің архитектурасына оң әсерін тигізеді. Мұндай пікірді бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Сенат депутаты Серік Ақылбай білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер қазақстандық мемлекеттіліктің архитектурасына оң әсерін тигізеді - сенатор Ақылбай

«Өткен кезең ішінде халқымыздың бірлігінің арқасында республикамыз барлық көрсеткіштер бойынша өсу қарқынына қол жеткізе отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуда адам айтқысыз нәтижеге қол жеткізді. Саясаттың тұрақтылығы мен көпбағыттылығы еліміздің экономикасына үлкен инвестициялар тартудың кепілі болды. Барлық осы жетістіктер Елбасымыз, Қазақстан Респуликасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жүргізген салиқалы саясатының арқасында мүмкін болды. Дегенмен осы жетістіктерге қарамастан Қазақстан қол жеткізген табыстарына тоқтап қалмай дамудың жаңа белесіне түбегейлі жаңа идеялармен өтуде. Себебі прогресс, жалпы мемлекеттің өміршеңдік мәселелері әрқашанда өзінің өзектілігін сақтап қалуда», - деді ол.

Сенатордың айтуынша,  Тәуелсіздіктің барлық жылдары ішінде заңдар мен қоғам институттары адами сала және қоғам үрдісімен бірге бірте-бірте дамуы тиіс екендігін ұға отырып, Президент мемлекетіміздің дамуының жаңа жолын таба білуде.

«Қазақстан мұнан ары бәсекеге қабілетті  мемлекет болуы үшін не істеуіміз керек? 25 жыл ішіндегі Тәуелсіздіктің барлық жетістіктерін қалай сақтауға болады? Мемлекетті басқарудың тиімділігін қалай жақсартуымыз керек? Елімізге мұнан да көп инвестицияны қалай тартуға болады? Барлық осы сауалдар өзекті және нақты жауаптарды қажет етеді.  Айтылған сауалдарға жауап ретінде елдің саяси өміріндегі жаңа бағыттарды білдіретін нысан - ұсынылып отырған конституциялық реформа деп санаймын. Қоғамдық сананың өзгеруіне әсер ететін стратегиялық ойлау қабілеті зор саясаткер болғандықтан Елбасы Қазақстанда демократия негіздерін одан ары нығайту мақсатында Парламент пен Үкіметтің рөлін  айтарлықтай арттыруды ұсынып отыр. Еліміздің қомақты өсімі мен дамуы тұрғысынан бұл қадам табиғи эволюция болып табылады. Әлем қиын кезеңді бастан кешіріп жатқанда Қазақстан батыл да, байсалды қадам жасап отыр. Қазіргі таңда қоғам Президент ұсынған конституциялық реформалар бойынша маңызды шешім қабылдау табалдырығында тұр. Бұл ел тарихының аса маңызды сәті болып табылады. Себебі, менің ойымша, Конституцияға енгізілетін өзгерістер қазақстандық мемлекеттіліктің архитектурасына оң әсерін тигізеді», - деді сенатор Ақылбай.