Конституцияға Президент өкілеттігі бойынша өгерістер енгізіледі – Қанат Мусин

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрі Қанат Мусин Президент Жолдауы аясында заңнамаға қандай өзгерістер енгізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конституцияға Президент өкілеттігі бойынша өгерістер енгізіледі – Қанат Мусин

«Мемлекет басшысы өзінің 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында саяси реформалардың 10 негізгі бағытын белгіледі. Бүгінгі күні осы Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың жобасы әзірленді», - деген министр Жолдау аясында қолға алынатынын нормативтік шараларды атады.

Атап айтсақ, Конституцияға:

- Президент өкілеттігі,

- оның лауазымда болуына байланысты шектеулер,

- Орталық сайлау комиссиясының, Есеп Комитетінің, Конституциялық Кеңестің төрағалары мен мүшелерінің саяси партиялардан шығуы,

- Парламент Сенаты мен Мәжілісін қалыптастыру тәртібі және оның функциялары,

- Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетін Жоғары Аудиторлық Палатаға қайта құру,

- мәслихаттарды қалыптастыру тәртібі,

- азаматтардың, Бас прокурордың және адам құқықтары жөніндегі уәкілдің де өтініш жасауына мүмкіндік бере отырып, Конституциялық Сот құру,

- өлім жазасын жою туралы шешімді Конституцияда бекіту мәселелері бойынша өзгерістер енгізу шаралары қабылданады.

«Осы блок бойынша заң жобасын әзірлеу 2022 жылғы сәуірде жоспарлануда», - деді Қанат Мусин.