Конституциялық Кеңес мүшесі Ұбайдолла Стамқұловтың өкілеттігі тоқтатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Конституциялық Кеңес мүшесі Ұбайдолла Стамқұловтың өкілеттігі тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конституциялық Кеңес мүшесі Ұбайдолла Стамқұловтың өкілеттігі тоқтатылды

«2011 жылы мамыр айында Сенат тағайындаған Конституциялық Кеңестің мүшесі Ұбайдолла Стамқұловтың өкілеттік мерзімі аяқталды. «ҚР Конституциялық Кеңесі туралы» конституциялық заңға сәйкес, оның өкілеттігін тағайындаған мемлекеттік орган тоқтатады»,-деп еске салып өтті ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұбайдолла Мырзағалиұлы Стамқұлов 1951 жылы туған. Жоғары заң білімі бар. Заң мамандығы бойынша еңбек жолын 1982 жылы Қарағанды жоғары мектебінің азаматтық құқық және процесс кафедрасының аға оқытушысы қызметінен бастады. 2002 жылғы наурыздан бастап 2004 жылғы мамыр аралығында Премьер-Министр Кеңсесінде түрлі лауазымды қызметтерде болды. 2004 жылғы мамырдан 2005 жылғы сәуір аралығында Әділет вице-министрі болып қызмет етті. 2005 жылы Конституциялық Кеңес мүшесі болып тағайындалды, ал 2011 жылы осы лауазымға қайта тағайындалды.