Конституциялық Кеңес өткен жылдар ішінде құқықтық жүйеде маңызды рөл атқарған 200-ге тарта қаулы шығарды - А. Жайылғанова
«Конституциялық Кеңес - бұл Ата Заң нормаларына жан бітіретін мемлекеттік орган. Егер Конституциялық Кеңестің, соттардың қызметі болмаса, онда Конституцияның бір өзі қарапайым декларация секілді күйде ғана қалатын еді. Конституциялық Кеңес Конституция нормаларына түсінік береді, соған орай, құқық қолданушы, соның ішінде бірінші кезекте заң шығарушы билік ретінде Парламент, сол нормаларды дұрыс түсініп, оларды қолданыстағы заңнамаға енгізіп, жүзеге асырады», - деді А. Жайылғанова.
Бұл ретте Конституциялық Кеңес мүшесі 2012 жылдан бері қолданылып келе жатқан азаматтарды ұстаудың конституциялық мерзімі туралы қаулыны мысалға келтірді. Оның айтуынша, Конституцияда азаматтарды 72 сағаттық ұстау туралы норма бар.
«Ал осы 72 сағаттық ұстау мерзімі қай кезден басталады? Конституциялық кеңестің қаулысы шыққанға дейін біздің құқық қорғау органдарымыз бен тергеушілер мерзімді ұстау туралы хаттама жасалғаннан санауды бастау керек деп есептеп келген болатын. Ал егер қызметкер ұстау туралы ресми хаттаманы бір тәуліктен соң рәсімдесе ше? Осыған байланысты, Конституциялық Кеңес ұстау мерзімін нақты ұсталған сәттен бастап есептеу керек деген қаулы шығарды. Міне, дәл осындай нақты түсінік беретін қаулылар көп», - деді А. Жайылғанова.