Конституциялық кеңестің көрсеткен нормаларын тиісті конституциялық заңдар деңгейінде-ақ ретке келтіруге болады - сенатор Б. Имашев
АНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Референдумға қатысты Конституциялық кеңестің шешімі талас тудырады.
Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтыру енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында сөз сөйлеген Сенат депутаты Берік Имашев осылай мәлім етті.
«Әрине, бұл заңнамалық бастама Конституциялық Кеңестің шешіміне қатысты жасалған реакция болып табылады. Бұл тұрғыдан тоқтала кететін жайт, Конституциялық Кеңес өз шешімінде республикалық референдумда мемлекет өмірі үшін маңызды саналатын кез келген мәселе шешімін табатындығын ескерткен болатын. Ал ондай маңызды мәселеге ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының президенттік өкілеттігін ұзарту референдумын да жатқызуға болатын еді. Сонымен бірге, Парламент қабылдаған заңды Негізгі заңға сәйкес емес деп таныған Конституциялық Кеңес бұндай өкілеттікті ұзартудың бірреткі немесе қайталанатын сипаты анықталмағандығына, не болмаса Елбасының сайлаудан толығымен бас тартуы көзделетіні айқын еместігіне назар аударған еді. Біздің пікірімізше, Конституциялық кеңестің осы шешімі талас тудырады. Бұндай жағдайда, заңгер, құқықтанушы ретінде шағымдану процедурасын пайдаланып, Конституциялық Кеңестің шешіміне қарсылық білдіруге де болатын еді. Ал Конституциялық кеңестің көрсеткен нормаларын міндетті түрде заңмен бекіту керек болса, оны Негізгі заңмен емес, тиісті конституциялық заңдар деңгейінде-ақ ретке келтіруге болады», - деді сенатор.
Бұл ретте Берік Имашев бұл айтылғандар тек өзінің заңгер ретіндегі жеке пікірі екендігін ескертіп өтті. «Алайда, бұл жағдайда мәселенің қоғамдық маңызына назар аудара келе, Елбасы күрделі жайттан шығу жолын нұсқап, даулы мәселені заңнамалық процедуралар арқылы шешуге шектеу жасады», - деді сенатор.