Конституциялық өзгерістер халықтың талқылауынан соң ғана енгізіледі - профессор

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституциялық өзгерістер халықтың талқылауынан соң ғана енгізіледі. Бұл туралы бүгін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Үнзила Шапақ мәлім етті.

Конституциялық өзгерістер халықтың талқылауынан соң ғана енгізіледі - профессор

"Жалпы, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша Елбасымыздың қаңтар айының 11-де құрған комиссиясы бар. Осы комиссияға келіп түскен ұсыныстардың нәтижесінде қазір бүкілxалықтық талқылауға Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасы ұсынылды. Қазіргі таңда осы жобалар бойынша мазмұны мен мәнін кеңірек түсіндіру жұмыстары басталды", - дейді аталған комиссияның мүшесі.

Профессордың айтуынша, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын екі блокқа бөліп қарастыруға болады.

"Біріншісі - Қазақстандағы меншіктік құқықтың кепілдігін қамтамасыз ету. Яғни, жеке меншікті конституциялық қорғау тетігін бұдан әрі нығайту, күшейту. Екіншісі - Қазақстандағы билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді өзара бөлісу. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсу. Бұның нәтижесінде, қарапайым тілде айтатын болсақ, Конституция - қоғамды басқарудың ең негізгі заңдық құралы болап табылады. Екінші жағынан Конституция - бұл қоғамдық келісімшарт. Сондықтан қоғамды басқару үшін Конституция осы қоғамға сәйкес келуі керек. Күнделікті өзгеріп жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдайлар Конституцияға кейбір өзгертулер енгізуді талап етуде. Ол біріншіден, Парламенттің жауапкершілігін күшейту, екіншіден, Үкіметтің құзыреті мен жауапкершілігін арттыру болып табылады. Парламент егер де заңдарды қабылдайтын болса, осы заңдардың толықтай іске асырылуын қамтамасыз ететін - Үкімет. Сондықтан министрлер кабинетінің Парламенттің алдында жауапты болуы қисынды. Бұл әлеуметтік-экономикалық дамудың және қоғамның өркендеуі нәтижесінде келген бірден-бір белес болып табылады. Кеше ғана Президент Қазақстан xалқына Жолдауын арнады, ол - ел экономикасының үшінші жаңғыруы. Халықаралық бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру жолындағы тапсырмалары берілді. Осы жаңғырудың бірден-бір кепілі - Конституцияның дұрыс, өте тиімді жұмыс жасауы болып табылады", - дейді ол.

Оның айтуынша, конституциялық өзгерістер жобасы xалық талқылауына салынғаннан кейін, арнайы комиссия оны қайта қарайды. Сонан соң барып қана, xалықпен бірге егжей-тегжейлі пысықталған нормалар еліміздің Ата Заңына енгізіледі.

"Жалпы президенттік институт әлемде нақты мойындалған институттардың бірі. Бұл мемлекеттің стратегиялық басқаруын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және ең бастысы - Президент адам және оның құқықтарының конституциялық кепілі болады. Елбасымыз бұл функцияны толығымен атқарып келді", - деп түйді ойын сарапшы.