Конституциялық Сот азаматтардың құқығын қорғау кепілдіктерін күшейтеді – Әшімбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенат қабылдаған Конституциялық сот туралы заң мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейтеді. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандықтар өздерінің құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар немесе нормативтік-құқықтық актілер бойынша сотқа жүгінуге мүмкіндік алатын болды. Енді азаматтардың өтініштерін Конституциялық сот қабылдайтын болады.
Заң мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейтеді және азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуі тиіс. Конституциялық соттың құзыретіне сайлау өткізудің дұрыстығы, Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігі мәселелерін қарау, сондай-ақ Конституциялық нормаларды ресми түсіндіру жатады.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заңның қабылдануына түсініктеме бере келіп, жүргізіліп жатқан жұмыстың басты міндеті – заңның үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту және халықтың мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейін арттыру екенін айтты.
«Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, билік тармақтарының және орталық пен өңірлердің арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімін қамтамасыз ету. Бүгін қабылданған заңдар демократиялық институттарды дамытуға, халықтың мемлекеттік және саяси құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам», – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» ҚР Конституциялық Заңы қабылданды.