Конституциялық Сотта атыраулық тұрғынның өтініші қаралды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Конституциялық Сот 17 ақпанда «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің кейбір ережелерінің конституциялылығын тексеру туралы істі қарауды бастады. Бұл іс атыраулық тұрғынның мемлекеттік баж мөлшеріне қатысты Жоғарғы сотқа шағымдануымен байланысты болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конституциялық сотқа биылғы 24 қаңтарда азамат Е.Досмағамбетовтен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 610-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының және 2-тармағының Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініш түскен.

«Азамат өзінің арызында дауланып отырған норма Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағын, 14-бабын, сондай-ақ 1948 жылғы 10 желтоқсандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 217 А (III) қарарымен қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 7-бабын және 1966 ж. 16 желтоқсанда қабылданған және 2005 жылғы 28 қарашадағы №91-III заңмен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 2-бабын бұзады деп көрсеткен. Бұған дейін 2018 жылы шығарылған сот шешімімен келіспегендіктен, азамат сот актілеріне Жоғарғы Сотқа шағымданған. Алайда арыздануға байланысты белгіленген мемлекеттік баж (өтініш беруші хабарлағандай, шамамен 2 млн теңге мөлшерінде) оның Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағында көзделген сот қорғауына құқығын шектейді. 2018 жылдан бастап Е.Н.Досмағамбетов Жоғарғы Сотқа өтінішпен үш рет жүгінген. Өтініш иесінің арызын мемлекеттік бажды төлемеуіне байланысты қараудан бас тартқан», -деп хабарлады Конституциялық соттан.

Өтініштің мәні бойынша Конституциялық Сот Парламент Сенатының, Бас прокуратураның, қаржы, әділет және Ұлттық экономика министрліктерінің, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдерін тыңдаған. Сондай-ақ Республикалық нотариаттық палатаның, Республикалық адвокаттар алқасының, Қаржы және салық құқығы ғылыми-зерттеу институтының және Каспий университетінің қорытындыларын зерделеген.

Конституциялық Сотта азаматтың мүддесін адвокат қорғады.


Соңғы жаңалықтар