Конституциялық заңға «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы - Қазақстан Республикасының негізін қалаушы» деген өзгерту енгізілді
АНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - ҚР Парламенті қабылдаған заң бойынша конституциялық заңға «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы - Қазақстан Республикасының негізін қалаушы» деген өзгерту енгізілді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында мәлім болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құжаттың бастамашысы болған Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадовтың айтуынша, Парламент қабылдаған заңнамада республика Тұңғыш Президентінің-Елбасының айрықша тарихи миссиясына байланысты, оның мәртебесін, өкілеттігін нақтылау мен қызметін қамтамасыз ету кепілдігін қарастыру көзделген.
«Атап айтқанда, қолданыстағы «ҚР Тұңғыш Президенті туралы» Конституциялық заңның кіріспесінде Тұңғыш Президент «Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалаушылардың бірі» деп көрсетілген. Сол сөздерді «Қазақстан Республикасының негізін қалаушы» деп өзгерту ұсынылады. Тұңғыш Президенттің - Елбасының мәртебесін «Қазақстан мемлекеттілігін құрудың бастауында тұрған және демократиялық зайырлы құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде егемен Қазақстанды дамытуға аса зор үлес қосқан ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы болып табылады», деп айқындау қарастырылды», деді Р. Халмұрадов.