Конституцияның 91-бабында Елбасының еңбектері аталып өтуі қажет - Хаменова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституцияның 91-бабында Елбасының Тәуелсіз ұлттың қалыптасуына жасаған толағай табыстары аталып өтуі қажет. Мұндай ұсынысты бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конституцияның 91-бабында Елбасының еңбектері аталып өтуі қажет - Хаменова

«Бұдан тура үш ай бұрын, осы залда «Қазақстан Республикасының 25 жылдық» тарихи күніне байланысты құнды құжат Декларация қабылданғанда: «...Ата Заңымызда мемлекетімізді құрудағы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бірегей үлесін атап өту жөнінде» және «Бүгіні мен ертеңімізге Елбасының тарихи болмысы кеңінен насихатталуы керек! Бұл бағыттағы іс-шаралардың бірі ретінде сәулетті бас қаламыз - Астанамыз,  еліміздің маңызды, ауқымды  нысандары Елбасы есімімен аталса, бұл - халықтың біртуар перзентіне деген шексіз сый-құрметінің көрінісі болмақ» деген ұсыныс айтқан болатынмын. Өкілеттіктердің бөлінісі мен Ата Заңымызға өзгерістердің енгізілуі де - заңды құбылыс. Ұсынылып отырған нұсқада Тәуелсіздігіміздің ортақ халық үшін қаншалықты қастерлі екендігіне басымдық берілген. Сондықтан да Елбасының қазақ елін Мәңгілік ел биігіне жетелеп, қазақ ұлтын әлемге танытқан қажырлы еңбегі мен сарабдал саясатының Ата Заңымызда қасиетті Тәуелсіздікпен қатар ойып тұрып орын алуы тарихи ақиқат!», - деді Хаменова.

Осы ретте Мәжіліс депутаты халқымыз үшін аса қасиетті Тәуелсіздік, Егемен Қазақстан, Тұңғыш Президент, Елбасы ұғымдары әлдеқашан бір-бірінен ажырағысыз егіз ұғымдарға айналғанын баса айтты.

«Ендеше, «Конституцияда белгіленген мемлекеттің Тәуелсіздігін, республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, басқару нысанын өзгертуге болмайды» делінген Конституциямыздың  91-бабы 2-тармағының жаңаланған нұсқасын, «Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасының ерен еңбектері, Тәуелсіз ұлттың қалыптасуына жасаған толағай табыстарын да ерекшелеп, бірегей үлесі аталып өту қажет»- деген мәтінмен толықтыруды ұсынамын. Әрі қалың жұртшылықтың ойы Егемендікті тұғырлы еткен Көшбасшымыздың саяси, тарихи  тұлғасын Ата Заңымызда айқындау ұсынысымызбен бір арнаға тоғысты», - деді ол.

Айта кетейік, бірлескен отырыс барысында «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы бірінші оқылымда талқылануда.