Конституция күні: Жетісайда 100-ден астам отбасы баспаналы болды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Конституция күніне арналған мерекелік шарада тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға пәтер кілттері табысталды.
Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаты Талғат Қаржауов, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен кәсіпкер-меценат Бахаридин Аблазимов қатысып, көпшілікті Конституция күнімен құттықтады.

«Бүгін тамаша сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақ жетімі мен жесірін жылатпаған текті халық екені белгілі. Тәуелсіз елдің бүгінгі азаматтарының ішінде қанға сіңген қасиетті, ата дәстүрді жалғастырып, дәріптеп келе жатқандары да баршылық. Көптің көмегімен мереке қарсаңында баспанаға шын мұқтаж отбасылар қуанышқа кенеліп отыр. Қоныс құтты болсын!» – деді Бейсенбай Тәжібаев.

«Жаннат сарайы» деп аталатын қос қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Биыл құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 16 пәтердің 12-сі екі бөлмелі болса, 4-і үш бөлмелі. Құны 350 млн теңгені құрайды.
Сондай-ақ, өткен жылы республикалық бюджет пен Ұлттық қордан қаралған қаржыға халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік 90 тұрғын үй сатып алынған. Бұл жұмыстар биылғы жылыда өз жалғасын таппақ.
Салтанатты шара барысында «Баспанаға жол» қоғамдық қайырымдылық қоры атынан тағы бір көпбалалы отбасы баспаналы болды. Қор мүшелері баспананың ішін қажетті жиһаздармен, азық-түлікпен және күнделікті тұтыну заттарымен, отбасы мүшелерін киім-кешекпен толықтай қамтамасыз еткен.