Конституцияда адвокатураның мәртебесі жеке баппен бекітілмек
АСТАНА. KAZINFORM - Конституцияда адвокатураның мәртебесі жеке баппен бекітілмек. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлім етті.
- Конституцияда адвокатураның мәртебесін жеке бапта бекіту ұсынылады. Адвокатура сот жүйесінің элементі емес, құқықтарды қорғаудың дербес институты ретінде танылады. Бұл Конституциялық жаңалық мемлекет кепілдік беретін кәсіби заң көмегіне қол жеткізу құқығын нығайтуға бағытталған, - деді Е. Сәрсембаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы басталды. Іс-шара конституциялық реформаға байланысты түскен ұсыныстарды талқылауға арналды.
ҚР Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Әзімова комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс түскенін, олардың барлығы біртұтас жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті.