Конституцияда авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау күшейтіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Конституцияда авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау күшейтіледі. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның 9-отырысында «Жібек жолы» телеарнасының директоры Еркежан Күнтуғанқызы айтты.
— Зияткерлік және шығармашылық еңбекті қорғауды атап өткім келеді. Жаңа Конституция жобасында авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау күшейтіледі. Журналистер, авторлар, креативті индустрия өкілдері, IT саласы мен ғылым үшін бұл — олардың еңбектері мемлекет тарапынан қорғалады деген сөз. Бұл да менің ойымша, сапалы контентке жол ашады. Өйткені осыған дейін дәл осы авторлық құқық ең күрделі мәселелердің бірі болып келді. Мұны мен осы салаға қатысы бар маман ретінде айтып отырмын, — деді Еркежан Күтуғанқызы.
Оның айтуынша, Конституция жобасында заңды тетіктер арқылы жастардың саясатқа келуіне және шешуші кезеңдерге қатысуына мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл – саяси жүйені жаңартуға және жаңа буынның қаыптасуына мүмкіндік деп білу керек.
— Алғаш рет конституциялық деңгейде табиғатты сақтау және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік бекітіліп отыр. Бұл — таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүргісі келетін қоғам үшін. Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы түсінікті ережелерді қалыптастырып, құқықтарды қорғауды күшейтеді. Бұл бүгін мен қатар болашаққа бағытталған мазмұнды құжат. Біз осы тұста аталған құжаттың ауқымын көріп, түсініп, заңдағы өзгерістер туралы ақпаратты көрерменге түсіндіріп және олармен кері байланыс жасауды тоқатпаймыз, — деді ол.
Айта кетейік, Kazinform агенттігінің қазақ және орыс тіліндегі Telegram арнасы осы отырыстан мәтін трансляциясын беріп жатыр.