Конституциялық Сот бейбіт жиналыстарды өткізуге шектеулердің Конституцияға сәйкестігін тексереді
АСТАНА. KAZINFORM – Конституциялық Сот алдын ала қарау қорытындысы бойынша «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңның 11-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларының және 14-бабы 1-тармағының 10) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы азаматтың өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады.
ҚР Конституциялық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, даулы нормаларға сәйкес, егер болжамды уақытта және таңдалған жерде басқа ресми немесе бұқаралық іс-шаралар жоспарланған болса немесе құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілсе, жергілікті атқарушы органдар бейбіт жиналыстар өткізуден бас тартуы мүмкін.
Сонымен қатар, уәкілетті органдарға азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің үздіксіз жұмыс істеуін және инфрақұрылым объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырушыларға жиналыстың орнын немесе уақытын өзгертуді ұсыну құқығы беріледі.
Судья-баяндамашы: Нұрмұханов Б.М.
Конституцияға сәйкестігін тексерудің барысы мен қорытындылары туралы ақпарат Конституциялық Соттың ресми сайтында және Telegram-арнасында жарияланады.