Конституциялық сот құрылғаннан бері қанша өтінішпен жұмыс істеді

Конституциялық сот «Жердің асты мен үсті халық игілігі» екені туралы баптың мәнін түсіндіруден бас тартты
Фото: gov.kz

Конституциялық сот төарғасы Эльвира Әзімова бір жыл ішінде қазақстандықтардан қанша өтініш түсіп, оның қаншасы өндіріске алынғанын айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Конституциялық сот құрылған бір жылға жуық уақыттың ішінде азаматтар жиі жүгініп жатыр деп айтуға болады. Жүгінушілердің бәрі құқықтары бұзылу фактілері бойынша шағымданады. Оның бір бөлігі тапталған құқығын қалпына келтіруді сұраса, тағы бір бөлігі өтеп беруді талап етеді. Сондай-ақ, азаматтар әлі іске аспаған, бірақ қабылдануы ықтимал шешімдерге қарсылық білдіріп жүгінеді. Бұл шағымдар қабылданатын шешімнің ықтимал салдарының алдын алу үшін жасалады. Кейде бастамаларды дұрыс түсінбегенде, халыққа тиісті ақпарат жеткілікті мөлшерде берілмеген кезде осындай қарсылықтар білдіріп жатады. Біздің заңнамада құқықтық-нормативтік актілерді қабылдамай тұрып қоғам талқылауына ұсыну керек. Осы талқылаулар негізінде түсетін шағымдар да бар», — дейді Эльвира Әзімова «Адам құқықтарын қамтамасыз ететін халықаралық құқықтық нормаларды ұлттық заңнамаға имплементациялау» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда.

Конституциялық сот төрайымы орган құрылғаннан бері 5 мыңға жуық өтініш түскенін айтады.

«5 мыңға жуық өтініштің ішінде 27 пайыздан астамы Конституциялық соттың өндірісіне алынып, нақты шешімдер шығарылды. Кеше ғана № 36, 37 шешімдерді шығардық. Ол шешімдерде Үкімет пен Жоғары сотқа денсаулық қорғау саласындағы адам құқықтарымен байланысты, судьялардың кәсіптік құқығымен байланысты актілерді қайта қарап, заңнамалық ұсыныстар енгізу туралы ұсыным бердік. Демек, түрлі оқиғалармен, түрлі сәттермен байланысты өтініштер түседі. Бізге түскен 5 мың өтініштің қалған 73 пайызы назардан тыс қалмайды. Конституциялық сот аппараты ол өтініштер бойынша түсіндірме береді», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар