Конституциялық сот «Жердің асты мен үсті халық игілігі» екені туралы баптың мәнін түсіндіруден бас тартты

Конституциялық сот «Жердің асты мен үсті халық игілігі» екені туралы баптың мәнін түсіндіруден бас тартты
Фото: gov.kz

Конституцияның 6-бабының 3-тармағы мемлекеттік органдарды жер қойнауын игерушілермен жасалған келісімшарттарды жалпыға қолжетімді етіп жариялауға міндеттей ме, міндеттемей ме? Kazinform агенттігінің  бұл сауалына ҚР Конституциялық сотының аппарат басшысы жауап берді. 

Конституцияның 6-бабының 3-тармағында Қазақстан жерінің үсті мен асты халықтың игілігі екенін айтылған. Осы бапты алға тартқан сарапшылар мен кейбір депутаттар Үкіметті Қазақстан аумағында жұмыс істеп жүрген ірі жер қойнауын игерушілермен жасалған келісімшарт мәтінін көпшілікке жариялауға үндеп жүр. Конституциялық соттан осы талаптың қаншалықты орынды екенін сұрап, сауал жолдаған едік.

«Жолданымда Сіз «Конституцияның 6-бабының 3-тармағы мемлекеттік органдарды жер қойнауын игерушілермен жасалған келісімшарттарды жалпыға қолжетімді етіп жариялауға міндеттейтіні немесе міндеттемейтіні жөнінде жауап беруді сұраудасыз. Бұл ретте, Қазақстан Респубикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4)-тармақшасына сәйкес Конституцияның нормаларына ресми түсіндірмені Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша ғана береді», - деп жазылған жауапта.

Ресми жауапта қарапайым азаматтар Конституциялық сотқа тікелей өзіне қатысты мәселелер бойынша, оның өзінде өзге заңнама құжаттарының Конституцияға сәйкестігі бойынша ғана сұрау сала алатыны айтылған. Ал Конституцияның нормалары бойынша Конституциялық сотқа өз бетімен жүгіне алмайды. Кемінде Парламент депутаттарының 5-тен бір бөлігінің қолы жиналған сауал жолдау қажет.

«Конституциялық Сот азаматтардың өтініштеріне олардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды (Конституцияның 72-бабы 3-тармағы). Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары Конституциялық заңның 44, 45-баптарында нақтыланған. Өтінішіңіз аталған шарттар мен талаптарға сәйкес келмейді», - делінген жауапта.

Соңғы жаңалықтар