Конструктор-көліктерді қалай заңдастыруға болады – тіркеу ережесі бекітілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанға қосалқы бөлшек ретінде әкелінген көліктерді тіркеу ережесі бекітілді. Осы орайда, заңдастыру тәртіптерін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Кулкутаева түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың басында қазақстандықтар ел аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыруға мүмкіндік алды. Алайда, кейібір азаматтар ресми құжаттардың болмауына байланысты елге қосалқы бөлшек ретінде әкелінген автомобильдерді тіркеу кезінде қиындықтарға тап болды. Бұл мәселені шешу үшін азаматтарға «конструкторларды» заңдастыруға және алғашқы тіркеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ережелер жасалды. Осы жылдың 9 қаңтарындағы №13 қаулыға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстанға қосалқы бөлшек түрінде әкелінген және кедендік тазартудан өтпеген көліктерді тіркеу туралы куәлікте меншік құқығын өзгертуге тыйым салу және автомобильді тек ел аумағында пайдалану туралы жазба көрсетіледі», - деп түсіндірді Арай Кулкутаева.

Оның айтуынша, шет елдерден бөлшектеп әкеліп, елде құралған көліктерді тіркеу үшін 200 мың теңге төлем алынады.

Тіркеу үшін қажетті құжаттар тізімі:

1. Өтініш

2. Ішкі істер органдарының уәкілетті органы берген көлік құралын тексеру туралы акт

3. Техинкалық тексеруден өткені туралы диагностикалық карта.

Арай Кулкутаеваның мәліметінше, конструктор-көліктерді заңдастыру үшін өтінімдерді екінші деңгейлі банктер немесе egov.kz порталы арқылы беруге болады.

Еске салайық, бүгін елге әкелінген конструктор-автокөліктерді заңдастыруға және бастапқы тіркеуді жүзеге асыруға рұқсат ететін Үкімет қаулысы шықты.


Соңғы жаңалықтар
telegram