Контейнерлік тасымалдарға жүретін мемлекеттік тарифтік реттеу жойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Теміржол жолаушылар көлігі мəселелері жөніндегі заң жобасының аясында енді контейнерлік тасымалға жүретін мемлекеттік тарифтік реттеуді алып тастау көзделуде. Бұл туралы бүгін Инвестициялар жəне даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Əсет Асавбаев мəлім етті.

Контейнерлік тасымалдарға жүретін мемлекеттік тарифтік реттеу жойылады

«Теміржол» тасымалы саласында жүк тасымал көлемінің азайып кетпеуі үшін бірқатар шараларды қолға алдық. Атап айтсақ, тасымалдар көлемін арттыру мақсатында 2015 жылы отандық өндірушілерге қазақстандық өнімді тасымалдау үшін арнайы теміржол тарифтеріне жеңілдіктер берілді. Бұл - отандық жүк жөнелтушілерге 4 млрд. тоннаға жуық жүктің тасымалданатына кепілдік берді. Екіншіден, транзиттік жүкті тасымалдауға икемді тарифтік саясат жүргізіліп отыр. Бұл осы жылғы тасымалдар көлемін 2014 жылдың деңгейінде сақтау үшін қолға алынған шара. Мысалы, 2015 жылдың 7 айында Қытай Халық Республикасынан Еуропаға транзитпен өткен контейнерлік тасымалдардың көлемі 19 649 контейнерді құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, үш есеге артық», - дейді комитет төрағасы. Қазіргі экономикалық жағдайларға қарамастан, теміржол тасымалының көлемін азайтпауға бағытталған өзге де шаралар туралы айта келе Əсет Асавбаев контейнерлік тасымалға жүретін мемлекеттік тарифтік реттеу жойылатынын жеткізді. «Үшіншіден, Мемлекет басшысының «100 нақты» қадам бағдарламасына сəйкес, еуропалық трансқұрлықтық дəлізді дамыту үшін əзірленген Заң жобасы контейнерлік тасымалдар кезінде магистральді теміржол желісінің қызметтеріне жүретін мемлекеттік тарифтік реттеуді алып тастауды көздеп отыр», - деп хабарлады ол.