Контейнерлік тасымал бағдарламасы, Smart Cargo, әуемен жүк тасымалдау операторын құру — Көлікминге жаңа міндеттер жүктелді

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігіне екі ай ішінде контейнерлік тасымалды ынталандыру бағдарламасын әзірлеп, кедендік және логистикалық қызметтердің бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосу туралы тапсырма берді. 

Жүк тасымалдау тауар айналымы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Еліміздің транзиттік әлеуетін кеңейту, сондай-ақ ішкі көлік желісін дамыту үшін айтарлықтай резервтер бар. Осыған байланысты Көлік министрлігі «Бақты — Аягөз», «Қызылжар — Мойынты», «Дарбаза — Мақтаарал», сондай-ақ автожолдарды салу және жөндеу жобаларының уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етсін. Қытайдан Еуропаға дейінгі транзитті едәуір қысқартатын «Сексеуіл — Бейнеу» жобасына ерекше назар аударған жөн. Сондай-ақ Көлік министрлігі екі айдың ішінде контейнерлік тасымалды ынталандыруды және мультимодальды бағыттарды дамытуды көздейтін арнайы бағдарламаны Үкіметке енгізсін, — деді ол Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Бектенов кедендік және логистикалық қызметтердің бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосуды тапсырды.

— Көлік министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, көліктің барлық түрі үшін бәсекеге қабілетті жаңа тариф саясатын әзірлеуге кірісуі керек. Көлік министрлігі Қаржы және Цифрландыру министрліктерімен бірлесіп, қазан айының соңына дейін «Smart Cargo» — кедендік және логистикалық қызметтердің бірыңғай цифрлық жүйесін іске қосуды қамтамасыз етуге тиіс, — деді Үкімет басшысы.

Одан бөлек, жүкті әуемен тасымалдау саласына қатысты да нақты міндеттер жүктелді.

— Тағы бір маңызды мәселе — жүкті әуемен тасымалдау саласын дамыту. Ол үшін ірі шетелдік серіктестерді тарта отырып, Ұлттық жүк тасымалдаушыны құру қажет. Көлік министрлігі аэрохабтарды дамыту, сондай-ақ экспресс-жүк тасымалы сегментін реттеу бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Сонымен қатар жүктер мен сәлемдемелерді жеткізуге арналған арнайы автокөліктер мен дрондар сияқты жүргізушісіз көлік түрлерін жедел енгізу үшін жағдай жасап, заңнамалық тұрғыдан шаралар қабылдаған жөн, — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр елдің экономика блогына 10 нақты тапсырма жүктеген еді.

Сондай-ақ Цифрлық даму министрлігі шұғыл атқаруы тиіс міндеттерді атаған еді.