Контрабандалық жолмен тауар тасып, мемлекетке 10 млрд теңге залал келтіргендер ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласында Қытайдан Қазақстанға, халық тұтынатын тауарларды контрабандалық жолмен әкелу және аса ірі мөлшерде жалған шот-фактуралар жазу дерегі бойынша қылмыстық іске айыптау үкімі шығарылды.

Қылмыстық істі Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті тергеді. Тергеу барысында «Group of the Companies TDA» ЖШС уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола тұра, Қытайдан 100-ден астам контейнерді заңсыз жолмен елімізге кіргізгені анықталды. Сонымен қатар олардың бақылауындағы 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестік арқылы жалған шот-фактуралар жазылған.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, мемлекетке келтірілген залал (қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік төлем бойынша) 10 млрд теңге болды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекет бюджетіне 643 млн теңге өндіріп алынды.
Сот санкциясымен: жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын тауарларға, күдіктілерге тиесілі 300 млн теңге сомасындағы мүлікке (жер телімдері, автокөліктер, багги көліктері, жылжымалы шатырлар және т.б.) шектеу қойылды. Бұған қоса, аталған компаниямен байланыста болған 47 серіктес кәсіпорын өз еркімен өзара есеп айырысуды тоқтатып, бюджетке 240 млн теңге салық төлеген. Алматы қаласының Алмалы аудандық сотының үкімімен кінәлі тұлғалар мүлкін тәркілей отырып, 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар іске қатысы бар бір адамға халықаралық іздеу жарияланды.
Айта кетейік, Қытай стратегиялық пайдалы қазбалар контрабандасымен күресті күшейтеді.