Контрабандамен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты бүркемелеген кеденші құрықталды

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы Кедендік бақылау департаментінің «Энергетикалық» кеден бекетінің бас маманы Қонаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады еліміздің қаржы полициясынан.

Контрабандамен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты бүркемелеген кеденші құрықталды
Естеріңізге сала кетейік, Қаржы полициясы агенттігі мен Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының департаменттерінің қызметкерлері көлемді операция нәтижесінде 2012-2013 жылдары мұнайдың заңсыз айналымы саласында қызмет еткен қылмыстық топты әшкерелегендігін бұған дейін де хабарлаған болатын. Аталған уақыт ішінде Қазақстанның 8 азаматы мен Молдова Республикасының 2 азаматынан тұратын топ Ақтөбе облысында мұнайдың кен орындарынан жалпы көлемі 739 тонна мұнайды ұрлаған. Қылмыстық топтың басшысы Камалутдинов және оның сыбайласы Ізімов тұтқындалғанға дейін қаржы полициясының қызметкерлеріне пара беру арқылы қылмыстық топтың жұмысын тексеруді тоқтатуға әрекет жасаған. Оларға қатысты тексерісті тоқтату үшін 755 мың теңге сомасында Атырау облысының қаржы полициясы қызметкерлеріне пара беру, 630 мың теңге сомасында Ақтөбе облысының қаржы полициясы қызметкерлеріне пара беру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сонымен қатар 4 қарашада аталған топтың белсенді мүшесі Ізімовқа қатысты терроризм және экстремизмді насихаттау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Ол 2012 жылдың қараша-желтоқсан айларында, дәстүрлі емес діни ағымды қолдаушы ретінде есепте тұрса да, терроризмді ақтайтын идеялар мен көзқарастарды ауызша түрде таратқан. 2013 жылғы 20 қарашада Ақтөбе облысы Кедендік бақылау департаментінің «Энергетикалық» кеден бекетінің бас маманы Қонаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол қылмыстық топ мүддесіне жұмыс істей келе, 1200 АҚШ доллары заңсыз сыйақы үшін, зертханаға тексеруге мұнай үлгілерінің орнына мазутты жіберіп, мұнайдың мазут түрінде контрабандалық жолмен кетуіне септігін тигізген. Қонаев та, ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа да мүшелері қамауға алынды.