Контрафактілік өнім жеткізетін 7 арнаның жолы кесілді - Әділет министрлігі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылғы 11 айда зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бағытында әділет органдары тауар белгілерін пайдалану туралы заң талаптарының сақталуына 193 тексеру жүргізді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне ҚР Әділет министрлігінен хабарлады.
«Тексеру нәтижелері бойынша 154 құқық бұзушылық анықталды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабына сәйкес 153 әкімшілік іс қозғалды. Соттардың шешімдері бойынша 145 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл сомасы 12 млн 684 мың 597 теңгені құрады», - деп атап өтілген ведомствоның мәліметінде.
Осы орайда заңсыз айналымнан жалпы сомасы 12 млн 954 мың 542 теңгеге 8 967 контрафактілік өнім тәркіленді.
«Ішкі істер органдарымен өз құзіреті шегінде авторлық және сабақтас құқықтарды бұзуға байланысты құқық бұзушылықтармен қылмыстарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс шаралар кешені қабылданады. 2017 жылдың басынан бастап ішкі істер органдарының өндіруінде авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу туралы 102 қылмыстық іс (ҚРҚК 198 бабы) болған, олардың ағымдығы жылы 76-сы сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген, 9-ы өндіріспен аяқталған», - деп нақтылады министрліктің баспасөз қызметі.
Заңсыз айналымнан 36,5 мың бірлік контрафактілік өнім тәркіленді, оның ішінде 6,2 мыңы дыбыстық жазбалар және 30,1 мыңы видео туындылар.
Бұдан бөлек, контрафактілік аудио-бейне өнімдерді шығаратын 6 цехтың қызметі тоқтатылды, сондай-ақ осындай өнімді жеткізетін 7 арнаның жолы кесілді.
Интернет желісіндегі аталған құқық бұзушылықтардың жолын кесу бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл контрафактілік аудивизуалды өнімдерді тарататын 74 шетел Интернет-ресурстары анықталды.
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде контрафактілік тауарларды заңсыз айналымға тарту саласында 229 сотқа дейінгі тергеу болды. Оның ішінде ағымдағы жылы Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 29 тіркелді. Белгілі болғандай, Экономикалық тергеу қызметімен 203 қылмыстық іс анықталып, беті ашылды.